Жаңалықтар
UMC мамандары Үндістанда алғашқы қазақстандық проктор болды
02.02.2024UMC Жүрек Орталығының дәрігерлері Үндістанға жұмыс сапары барысында Ахмедабад қаласындағы Apex Heart Institute клиникасында TAVI қолқа қақпақшасының имплантациясын жасады. Құрамында University Medical Center басқарма төрағасы Юрий Пя, катетеризация зертханасының меңгерушісі Абдурашид Мұсаев және интервенциялық кардиолог Серік Әлімбаев бар Орталық командасы тексеру жүргізіп, қолқа қақпақшасы тарылған 70 жастан асқан үш пациентке жасанды қақпақ орнатты. Дәрігерлер Үндістанда тәлімгер ретінде осы процедураны өткізген алғашқы қазақстандық мамандар атанды, бұл UMC Жүрек Орталығы командасының жоғары біліктілігін және шетелдік әріптестері тарапынан сенімін мойындағанын көрсетеді.
Қолқа қақпақшасының транскатетерлік имплантациясы (TAVI) – жүректің сол қарыншасы мен қолқа арасында орналасқан қақпақшаны ауыстыру бойынша аз инвазивті процедура. Процедура сан артериясы арқылы катетер енгізу арқылы жергілікті анестезиямен жасалады. Имплантация жасау үшін көкірек қуысын тілу қажет емес, соның арқасында пациент тез аяққа тұрады. Мұндай процедура ілеспелі аурулары бар егде жастағы пациенттер үшін оңтайлы.
2022 жылдан бастап UMC Жүрек Орталығына Үндістан клиникаларынан 8 делегациямен 50-ден астам интервенциялық кардиолог келді. Қонақтар клиника базасында Халықаралық тренинг орталығында шеберлік сыныбынан және тағылымдамадан өтті, TAVI-ді қауіпсіз жүргізу, пациенттерді іріктеу, ЭКМО қолдану бойынша практикалық тәжірибеден өтті, сондай-ақ кардиохирургтармен бірлесіп күрделі гибридті операцияларға қатысты. Ұлтаралық ынтымақтастық UMC командасына тәлімгер болуға және үнді клиникасында сәтті процедуралар жүргізуге мүмкіндік берді.
Орталық мамандары Бангалор қаласындағы Narayana Нealth клиникасына барып, шетелдік әріптестердің клиника жұмысының құрылымы мен ерекшеліктерімен танысып, клиникалар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша әсерлерімен және жоспарларымен бөлісті.
Анықтама
UMC Жүрек Орталығының мамандары TAVI процедурасын Қазақстанда 2012 жылы енгізді және қазіргі таңда 900-ден астам қақпақша имплантациясын жасады. 2020 жылдан бастап клиникада қазақстандық және шетел әріптестерімен тәжірибе алмасу үшін Халықаралық тренинг орталығы жұмыс істеп жатыр. Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Армения, Иран, Непал, Ресей, Румыния және Әзербайжаннан 130-дан астам медицина маманы сәтті білім алып шықты.