Біз туралы БАҚ
Юрий ПЯ:«Адамға өмір сыйлау – шын бақыт»
Оның атағынан ат үріккендей. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Жылдың үздік дәрігері»... Дегенмен, оның еңбегін бағалау, мойнына алған жауапкершілік жүгін салмақтау үшін осы сияқты атақ-даңқына қатысты атауларды тізбелемей-ақ, Доктор Пя десек те жетіп жатыр. Бүгінде оның есімінің медицинаның басым бағыттарының бірі – кардиохирургиямен қатар аталуы үйреншікті жағдайға айналып барады. Кардиохирургия десек, ең алдымен ойға Юрий Владимирович Пя оралатыны анық.
– Юрий Владимирович, біз сізбен бірінші рет кездесіп отырған жоқпыз. Осындай сыр-сұхбаттардың барысында Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың Орталық Азия аймағындағы қызметі әлемдік сапа стандарттарына сай көшбастаушы ұйымға айналып келе жатқанын мақтанышпен айтқан едіңіз. Соңғы оқиғалар сіз басқаратын ұжымның танымалдылығы басқа құрлықтарда да өсе түскеніне көз жеткізіп отырған сияқты ма, қалай?
– Ол рас. Осыдан біраз бұрын біз Түрік Республикасының кардиохирургтерімен өзара ынтымақтастық туралы келісімге отырдық. Ал оған дейін литвалық, израильдік, чехиялық, қырғызстандық және америкалық әріптестерімізбен де осындай меморандумға қол қойған болатынбыз. Бұл бізге не береді дегенге келсек, біріншіден, меморандумға қол қойған емдеу мекемелері бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыта отырып, заманауи технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмаса алады. Сол сияқты, ғылыми семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, медицина және басқару персоналының біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар жүгін де көп болып көтеру мүмкіндігі молайып отыр.
– Осы тұрғыдан алғанда қазақстандық тәжірибе басқалардың қызығушылығын туғызатындай дәрежеге жетті деп айта аламыз ба?
– Үстіміздегі жылы біз республика Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Интеграция арқылы – табысқа» деген тақырыпта кардиохирургтердің екінші ұлттық конгресін өткіздік. Оған 18 елден осы саланың көрнекті өкілдері қатысты. Конгрес бағдарламасына сәйкес 8 шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Жалпы айтқанда, конгрес кардиохирургияда заманауи технологияларды қолданудың неғұрлым перспективалы, тиімді бағыттарын анықтауға, кардиохирургияны дамытуда стратегиялық шешімдер қабылдауға жол ашты деуге толық негіз бар.
Осы конгреске қатысқан Техас Жүрек институтының директоры Оскар Фрейзер тілшілерге берген сұхбатында былай деді: «Сіздердің кардиохирургиялық орталықтарыңыздың жағдайы мені таңғалдырды. Мамандарыңыз заманауи жабдықтарды жақсы меңгеріп алған. Мен өзім де бірнеше отаға қатыстым. Бәрі ойдағыдай өтті. Мен Қазақстанда мұндай деңгейге кездесемін деп ойлаған жоқ едім. Сіздер кейбір Еуропа елдерінен де озып кетіпсіздер».
Шетелдік маманның мұндай бағасы біз үшін аса қымбат. Өйткені, доктор Фрейзер көп кардиохирургтің бірі емес, созылмалы жүрек талмасының ауыр түрлерін ота жасау арқылы емдеудің көшбасында жүрген, есімі әлемге танымал дәрігер. Бүгінде ол басқаратын жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу институты жүрек алмастыру мен қан айналымын механикалық жолмен қолдау жөнінен әлемдегі ең үздік емдеу мекемелерінің бірінен саналады. Ал О.Фрейзердің өзі болса, осы уақытқа дейін 1200-ден астам адамның жүрегін алмастырған нағыз майталман.
– Жүрек алмастыру демекші, жақында сіздер де осындай отаны сәтті өткіздіңіздер ғой.
– Иә, бұл – біз жасаған осындай екінші ота. Ол Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының, Санитарлық авиацияның республикалық орталығының және Алматы қаласындағы бірқатар клиникалардың үйлесімді қызметінің нәтижесінде мүмкін болды. Үстіміздегі жылғы қарашаның 6-сы күні Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың трансплантация жөніндегі бюросына Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасынан миына зақым келген сырқаттың қайтыс болғаны туралы хабар түсті. Қайтыс болған кісінің жақын туыстары оның органдарын басқа адамға трансплантациялауға келісімдерін берді. Біз жедел жолға шықтық. Сөйтіп, келесі күні донордың жүрегін Астанаға жеткіздік.
Бұл арада біз мына бір жайды ерекше атап көрсетуіміз керек. Донор жүрегі Астанаға Америка Құрама Штаттарынан сатып алынған OrganCareSystem деп аталатын заманауи жабдықпен жеткізілді. Бұған дейін бұл жүйе әлемнің үш жетекші клиникасында – АҚШ-та, Австралия мен Германияда қолданылып келсе, енді олардың қатарына Қазақстан да қосылды. Кең-байтақ жері бар, көптеген аймақтары әкімшілік орталықтардан шалғай жатқан Қазақстан үшін мұндай ғажайып қондырғыны пайдаланудың маңызы зор.
– Жаңа өзіңіз де америкалық дәрігердің Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың бүгінгі жай-күйіне таңданыс білдіргенін айттыңыз. Әрине, мұның бәрі бір жылда атқарылған, өзінен өзі орнына келе қалған жұмыстар емес қой. Осы арада сәл шегініс жасасақ...
– Соңғы жылдары Қазақстанда кардиохирургия саласында революция жасалды деуге болады. Астаналық клиниканың Халықаралық зерттеу бағдарламасына қосылуы да осының дәлелі. Шыны сол, мұның бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы, сол кісі жүргізіп отырған сындарлы саясаттың жемісі. Олай дейтінім, біздің ісімізге Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша жасалған кардиохирургия саласын дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы тың серпін берді.
ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап бүкіл әлемді шарпыған жүрек-қан тамырлары аурулары біздің елімізде де жылдан-жылға өршіп келеді. Медициналық деректер бойынша, жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан жыл сайын әлемде 15 миллиондай адам өмірмен қош айтысса, Қазақстанда да өлім-жітім бойынша жүрек аурулары бірінші орында тұр.
Жағдайды жақсарту үшін жыл сайын жүрекке кем дегенде 15-16 мың ота жасалуға тиіс. Ол үшін, әрине, жақсы база, білікті дәрігерлер, қаржы, бір сөзбен айтқанда, кардиохирургия саласына шынайы қамқорлық қажет. Осыған байланысты Елбасы батыл шешім қабылдады. Қазір кардиохирургиялық орталықтар Астанада ғана емес, облыстарда да салынуда. Міне, осылай қазақстандық кардиохирургтердің арманы жүзеге асып, қазір әлемде қолданылатын барлық жоғары технологиялар отандастарымыздың игілігіне айналып отыр.
Қазіргі орталық барлық халықаралық стандарттарға сай деп нық сеніммен айтуға болады. Мұнда бір мезгілде 180 адам ем алады, 6 ота жасау блогы бар. Мұның өзі жыл сайын жүрекке 3000 ашық ота жасауға, сол сияқты, кеуде клеткаларын кеспей-ақ жүрек тамырларының қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін шаралар қолдануға жол ашып отыр. Қолданыстағы жабдықтардың бәрі – еуропалық өндірушілердің өнімдері.
– Қазір елде медицина қызметкерлерін даярлайтын жоғары оқу орындары аз емес. Соның өзінде көптеген аймақтарда дәрігерлер жетіспейді. Америкада, Еуропа елдерінде кардиохирургия саласының мамандарын даярлауға орта есеппен он жыл кетеді екен. Сіздер осы мәселені қалай шешіп жатырсыздар?
– Орталықта осы саланың ең үздік мамандары шоғырланған. Олардың көпшілігі АҚШ, Германия, Израиль, Түркия, Литва, Ресей және Белоруссияның жетекші клиникаларында оқыған.
Біздің дәрігерлеріміз жиі-жиі шетелдерге шығып, өздерінің біліктіліктерін арттырып отырады. Сол сияқты, соңғы кезде біздің орталыққа шетелдік әріптестеріміз де жиі атбасын бұратын болды. Олар мұнда тәжірибе алмасумен бірге, шеберлік сыныптарын өткізеді, бірлескен оталарға қатысады.
– Шетелдерде трансплантация жасату өте қымбат екенін білеміз. Оны қарапайым адамдардың қалтасы көтере бермейді. Ал өз елімізде бұл оталардың қолжетімділігі қамтамасыз етілген және тегін жасалады. Соның өзінде әзірше екі-ақ адамның жүрегі алмастырылды. Бұл аз емес пе? Жаңа өзіңіз америкалық бір хирургтің өзі мыңнан астам адамға өмір сыйлағанын айттыңыз ғой.
– Қазіргі таңда Қазақстанда өмірі тікелей донор ағзаларына тәуелді 5 мыңға жуық адам есепте тұр. Ең қиыны донор мәселесі еді, қазір бұл орайда ілгерілеушілік бар. Рас, қайтыс болған туыстарының органдарын басқа адамның өмірін сақтап қалуға пайдалануға екінің бірі келісе қоймайды. Сол сияқты, әзірше жүрегін алмастыруға тәуекел етушілер де көп емес. Кезінде Жәнібек Оспанов та бірден келісе қойған жоқ-ты.
– Айтпақшы, елімізде бірінші болып жүрегін ауыстырған Жәнібек Оспановтың жағдайы қалай? Әлі де сіздердің бақылауларыңызда шығар?
– Жәнібектің жағдайы жаман емес, қазір осы аурухананың статистика және пациенттер қозғалысы бөлімінде істейді. Сырттай оқуға түсті. Болашақта психолог мамандығын алып шықпақ.
– Юрий Владимирович, соңғы жылдары еліміздегі кардиохирургия саласының күрт өзгергені айдан анық. Қазір Астана мен Алматыны былай қойғанда, аймақтарда да жүрекке күрделі оталар жасала бастады. Облыстармен сіздердің қандай байланыстарыңыз бар?
– Соңғы уақыттарда еліміздің таңдаулы кардиохирургтері мен кардиологтарының өңірлерге шығып тұруы дәстүрге айналды. Мұндай сапарлардың барысында біздің мамандарымыз жергілікті жерлердегі сырқаттарды қабылдайды. Аймақтағы әріптестермен шеберлік сыныптарын өткізіп, оталарға қатысады. Осы таяуда ғана біздің дәрігерлеріміз Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында болып қайтты. Мәселен, Қостанай облысында болған №1 кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Тимур Лесбеков бастаған дәрігерлер жүрегі ауыратын 70 адамды қабылдап, оларға тиісті ақыл-кеңестер берді.
Мен өзім де бір топ әріптестеріммен бірге Маңғыстау облысында болдым. Онда біз 40 шақты сырқатты қабылдап, 3 адамға ота жасадық, жергілікті әріптестерімізбен шеберлік сыныптарын өткіздік.
– Өмір бір орында тұрмайды ғой, сіздер де қол жеткенге тоқмейілсіп отырмаған боларсыздар?
– Иә, қазіргі жағдайды осыдан бір-екі жыл бұрынғымен мүлде салыстыруға болмайды, айырмашылық жер мен көктей. Орталықта ROC Safe жүйесін қолдану арқылы кардиохирургиялық оталарды жүргізу технологиясы енгізілді. Бұл емделушілер үшін жаңа, тиімді және қауіпсіз технология саналады. Осы жүйені қолдана отырып ота жасалғанда уақытша жасанды вентиляция қысқартылып, отадан кейінгі қанның азаюы (мерцат аритмиясы және қан кету) салдарынан ота кезінде және одан кейінгі уақытта қан құю қажеттілігі төмендейді. Аортокоронарлық шунттеу және жүрек клапандарын протездеу барысында жүрек ырғағының бұзылуы бар сырқаттарды емдеуде Cardioblate жүйесінің интраоперациондық радиожиілікті аблациясы – инновациялық технологияларымен оталар жасала бастады. Бұдан басқа, эндоваскулярлық хирургтермен бірлесе отыра, пациенттерге қиын гибридті оталар жасалуда. Орталықтың тағы бір жетістігі – жүрекке ашық операция жасау барысында экстракорпоральды мембранды оксигенация әдісі енгізілді. Сөйтіп, дем алысы қиындаған жандарға ота жасау барысында егу арқылы қанына оттегі толтырылатын болды. Сондай-ақ, интервенциялық кардиология дәрігерлерінің бастамасымен туа біткен жүрек ақауы бар науқастардың жүрек қарыншасындағы «көпірдің» ақауын транскатетер арқылы жабуға арналған технология енгізілді. Қазақстанда алғаш рет бір жасқа дейінгі балаларға, туабітті жүрек ақауы бар сәбилерге, сонымен қатар, бір ғана қарыншасы бар жүректерге жоғары технологиялық, көпсатылы кардиохирургиялық оталар жасалуда.
Болашақта жүрегінде ақауы бар науқастарға жүрек трансплантациясы бойынша оталар, жүрек клапанында ақауы бар науқастарға аорталды клапанды тері арқылы протездеу, артериалды гипертензия терапиясына интервенциялық емдеу, жүректе аз инвазивті эндоскопиялық оталар, аритмиясы бар балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсету, аз инвазивті эндоваскулярлы араласулар жоспарлануда.
Орталықта жүрек ырғағының бұзылуы, жүректің кенеттен тоқтап қалуының генетикалық үрдістері туралы ғылыми-техникалық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Осы жобаның жүзеге асырылуы жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары мерцат аритмиясы бар адамдардың жүрек ырғағы бұзылуының даму механизмі мен себептерін анықтауға мүмкіндік береді және диагностикасының жаңа әдістерін әзірлеуге көмектеседі.
– Әңгімеңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.
Әңгімелескен
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Егемен Қазақстан».
http://www.egemen.kz/kz/basty-ma-alalar-2/30132-yurij-pya-adam-a-mir-syjlau-shyn-ba-yt