• Каз
  • Рус
  • Eng
19.02.2016

"Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті

2016 жылғы ақпанның 18-нде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов ат. "Қазақфильм" АҚ шығарған халықаралық деңгейлі үздік кардиохирургтердің бірі, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ДСӘДМ  бас штаттан тыс кардиохирургі Пя Юрий Владимирович туралы, ол басқаратын Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ  туралы баяндайтын "Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған» атты толық метражды деректі фильмнің тұсаукесер көрсетілімі болды.  
Фильмде екі сюжет қатар өрбиді: доктор Пяның дәрігерлік қайраткерлігі және оның алғашқы пациенттерінің тағдыры. Юрий Пяның күнделікті тыныс-тірлігінен хабар беретін деректі көріністер көрерменді бірегей заманауи қазақстандық медицина әлеміне терең бойлатады.
Юрий Пя чехиялық әріптесі Ян Пиркпен бірлесіп, Қазақстан тарихында тұңғыш рет 2012 жылғы тамыз айында созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен науқасқа донорлық жүрек трансплантациялады. Юрий Пя Қазақстанда кардиохирургиялық жәрдем қызметін жолға қою және дамытуға қомақты үлес қосты, соның ұсынуымен ондаған науқастардың өмірін сақтап қалған жаңа озық медициналық технологияларды енгізу мүмкін болды. Юрий Пя еңбек жолын 1981 жылы Н.И.Пирогов атындағы Екінші Мәскеу мемлекеттік медициналық институтын бітірген соң интерн ретінде жұмысқа тұрған Тула қалалық ауруханасында бастаған.  Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін хирург әріптестерінің шақыруымен ол Түркияға барып, он жыл бойы аса күрделі кардиохирургиялық оталар жасады, ал, 2010 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен кардиологиялық қызметті ұйымдастыру мақсатында Отанына оралды.
Юрий Владимирович қазақстандық кардиохирургияның жетістіктері елімізде жүргізіліп отырған әлеуметтік саясат және Қазақстанда отандық мамандар мен заманауи жаңа медициналық технологияларға сенім артылатындығының арқасында мүмкін болды деп есептейді.
Сонымен бірге, фильм қаһарманы мен Кардиохирургиялық Орталық пациенттері ҚР азаматтарының сана-сезімі деңгейінде шешілуі талап етілетін мәселелерді, соның ішінде, донорлықтың адамдардың өмірін сақтап қалу үшін маңыздылығы мәселесін көтереді. Америка мен еуропалық елдерде бұл міндет баяғыда-ақ шешімін тапқан, ол елдердің азаматтарының төлқұжаттарында әлдебір дерт немесе бақытсыз оқиға нәтижесінде ажал құшқан жағдайда олардың ішкі мүшелері сондай мүшелердің трансплантациялануына аса зәру пациенттердің өмірін сақтап қалу мақсатында пайдаланылатындығы туралы мөр басылған. Ұзақ уақыт бойы шетелде жұмыс істей жүріп доктор Пя да сондай шешімге келеді және де ол туралы фильмде кеңінен айтып, өз үлгісімен донорлардың сау мүшелерін және, ең бірінші кезекте, қаза болған, алайда, құтқарылған адамдардың бойында әрі қарай өмір сүретіндердің жүректерін ауыстырып салмаса, тіршілігін жалғастыра алмайтын жандар үшін бұның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.  
Доктор Пя мен оның пациенттерімен кездесу, олардың операция қарсаңындағы әңгімесі және республикамызда жүрек ауыстырып салу бойынша алғашқы ота кезінде түсірілген бірегей фрагменттер фильмнің шарықтау шегі болып табылады деуге болады, әйтсе де, фильмде пациенттердің өз әсерлері, кеудесіндегі жаңа жүрек туралы және, айналып келгенде, адамдарға жаңа толыққанды өмір сыйлауымен күнбе-күн ерлік жасайтын доктор мен оның хирург әріптестері жүзеге асырған операциядан кейін өмірлері жақсы жағына қарай түбегейлі өзгергендігі туралы "баяны" көрерменді эмоция шыңына шығарған ең әсерлі көрініс болды.
"Жүректерге жаңа ғұмыр сыйлаған» фильмінің көрсетілімінен кейін картина қаһарманымен, Кардиохирургия орталығының хирургтарымен және басқа да қадірлі меймандармен кездесу болып, олар ҚР-нда донорлық қызметтің міндеттері мен оларды шешу мүмкіндіктері туралы ойларын ортаға салды.

Тiзiмге қайтару