• Каз
  • Рус
  • Eng
14.12.2013

Президент мемлекеттік наградалар тапсырды

Екінші күн қатарынан Ақорда төрі салтанатқа толы. Еліне елулі үлес қосып жүрген қайраткерлер бірінен соң бірі Елбасы қолынан түрлі наградалар алып жатыр. Тәуелсіздік күні қарсаңында орын алатын ең маңызды шаралардың бірі осы болса керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл Қазақстанның атын әлемге танытқан мемлекеттің бастауы болатын ең қасиетті күн екенін білесіздер. Осындай айтулы сәтте мәртебелі сыйлықтар, жоғарғы марапат, абырой, сіздерге атақ, дәреже беріп отырмыз. Ие болдыңыздар. Ақорда төрінде жиналып отырған сіздер үшін бүгін қуанышты күн деп санаймын. Қуаныштарыңыз құтты болсын!

Жоғары дәрежелердің төресі саналатын «Қазақстанның еңбек ері» ерекшелік белгісі биыл үш бірдей азаматқа бүйырды. Біріншісі былтыр ғана «Парасат» орденін алған «Кардиохирургиялық ұлттық ғылыми орталықтың» көшбасшысы Юрий Пяға тапсырылды. Орталық Азияда тұңғыш рет донорлық жүрек алмастыру операциясын жасаған кардиохирург биыл тағы бір мәрте қошемет көрді. Қалған екі белгі шаруашылық басшылары Абзал Ералиев пен Иван Сауэрге берілді. Екеуі де жоғары жетістіктерімен көзге түсіп, ауыл шаруашылығын өркендетудің үлгісін паш етіп жүр. Олардың еңбегін Елбасының өзі жоғары бағалап отыр.

Абзал Ералиев, «Абзал и К» серіктестігінің директоры: 
-Аса қадірлі Елбасы, бүгінгі менің еңбегіме беріп жатқан бағаңыз Сыр еліне, Сыр диқандары еңбегіне беріп жатқан бағаңыз деп түсінемін. Сондықтан біз адал еңбегімізбен, ақ ниетімізбен сеніміңізді ақтаймыз деп уәде беремін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Ылғи батырлардың ауылында жұмыс істеп жатсың ғой, Совет Одағының батыры болды, одан кейін «Еңбек ері» болды, так что жарайсың. Барлығы ауылда осылай істесе сен ұқсап.

Иван Сауэр, «Родина агрофирмасы» ЖШС бас директоры: 
-Сіздің қолыңыздан мұндай марапат алу мен сияқты қарапайым ғана неміс баласы үшін шексіз мақтаныш, зор мәртебе.

Бұл азаматтардың барлығы еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуына зор үлес қосып келеді. Награда алғандардың қатарында ғылым мен білім саласынан бастап, шығармашылық ұжымдардың өкілдеріне дейін бар. Кеудесіне орден таққандардың барлығы жоғары марапатқа лайық деп тапты Елбасы. Арасында жоғары лауазымды тұлғалар жетерлік. Министрлер мен әкімдер баршылық тізімде. Мысалы, 3-ші дәрежелі «Барыс» ордені Ерлан Ыдырысовқа, «Парасат» ордені Бақытжан Сағынтаев пен Әлихан Байменовке, «Құрмет» орденінің біреуі Ерболат Досаевқа бұйырды. Алыстан ат терлетіп келген әкімдер де құр қол қайтпады бұл жиыннан.

Аңсар Мұсаханов, Алматы облысының әкімі: 
-Елбасының қолынан үлкен награда алып жатырмыз. Ол маған өте қуанышты. Бұл награда бүкіл жетісу халқына берілген награда деп есептеймін. Өз тарапымыздан бүкіл Жетісу халқы, өзіміз тәуелсіз еліміздің экономикасын өсіруге, нығайтуға үлес қосамыз.

Әскери қызметін абыроймен атқарып, тіпті жасаған ерліктері үшін бірқатар әскери қызметкерлер мен құқық қорғау саласының қайраткерлері «Даңқ», «Айбын» ордендері және «Ерлігі үшін» медальдарімен марапатталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Араларыңызда мінсіз қызметімен ерекше танылған құқық қорғау органдары, қорғаныс саласының қызметкерлері де бар. Жоғары атаққа ие болған баршаңызды толағай табыстарыңыз құтты болсын деп айтқым келеді.

Дастан Сартаев, Павлодар облысының прокуроры: 
-ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алған біз прокуратура саласына жасалып жатқан азаматтарға үлкен абырой, елбасының бізге деген марапаты.

Серікбай Ерімбетов, ОҚО бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы: 
-Елбасы: «Ел үшін, халық үшін дұрыстап жұмыс істе», – деді. Өздеріңіз білесіздер құқық қорғау органдарының жұмысы халықтың сенімімен бағаланады. Сол халықтың сенімін ақтау жолында жұмыс істегенімізге Елбасының үлкен баға бергені мен үшін үлкен дәреже.

Өз талантын ортаға салып, ел игілігі үшін тер төккен азаматтың есімі ұмыт қалмақ емес. Көпшіліктің еңбегі еленіп жүр бүгінге дейін. Марапат үшін емес, елі үшін қызмет еткен тұлғалардың еңбегі қашанда ескеріле бермек.

Тілші: Мұхтар Ыбырайым
Оператор: Жәнібек Дәулетбек

http://www.khabar.kz/kz/view/news_politic/page_50292_prezident-memlekettik-nagradalar-tapsyrdy#page

Тiзiмге қайтару