• Каз
  • Рус
  • Eng
20.09.2013

«Болашақ» - табысты бағдарлама

Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына бірдей қызмет көрсететін аймақаралық кардиохирургиялық орталық бар. Бұл - жүрек ауруларын емдеуге арналған, соңғы технологиямен жабдықталған еліміздегі ең жаңа мекеме. Сондықтан, мамандардың кәсіби деңгейі жоғары болуы шарт.

Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқып келген жас дәрігерлердің біліктілігі арқасында заманауи медицинадағы мүмкіндіктер толық игерілуде.

Дәулет Жақыпбаев бүгін тағы да бір нәрестенің өміріне араша түсті. Аяғынан тік тұрып, төрт сағат бойы күрделі ота жасады. Жас маман үшін бұл еңбегінің жөні бөлек. Бұл - 100-ші ота. Дәулет мектептің ғана емес, Астанадағы Медицина академиясының үздік түлегі. «Болашақ» бағдарламасы бойынша сыннан үздік өтіп, Мәскеуде ординатурада білім алды.

Дәулет Жақыпбаев, кардиохирург:

Баланың денсаулығы маңызды. Жүректің туабітті ақаулары жиі кездесуде. Сол себепті біз «Болашақ» бағдарламасы бойынша алған білімімізді балалардың денсаулығын жақсартуға жұмсаудамыз.

Феруз Бабашев та - Ресейде білім алып, туған еліне енді оралған жас маман. Санкт-Петербургтегі медицина резидентурасының түлегі. Қазір ол жұмысынан бөлек, қалалық ауруханалардың анестезиологтарына дәріс оқиды.

Феруз Бабашов, анестезиолог-дәрігер:

Жалпы, адамның білімге деген ұмтылысын, талабын күшейтетін нәрсе - шетелге барып оқу.Жастарға өз алдына үлкен мақсат қою керек. Сол мақсатқа тырысу керек. Әрекет болса, нәтиже болады.

«Болашақ» түлектері негізінен аймақтың медициналық саласында жемісті еңбек етіп жүр. Бірақ, олардың саны көп емес. Ал техника дамып, еңбек талабы сәт сайын өзгеріп жатқан қазіргідей уақытта шетелде білім алып келген мамандар ауадай қажет.

Болат АМАНБАЕВ

http://kaztrk.kz/kaz/education/Bolashak_-_tabisti_bagdarlama_id1384957144.html


Тiзiмге қайтару