• Каз
  • Рус
  • Eng
15.12.2013

Тәуелсіз елдің тарландарына құрмет көрсетілді

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш Туы астында күн сөнгенше сөнбейміз, енді Алашты ешкімнің қорлығына бермейміз» дейтіні бар. Осынау өлеңнің қос тармағына үңілсеңіз, ой жүгіртсеңіз, ұлттың ұлы арман-мұраты, міндет-миссиясы жатыр.

«Қорлық» деп отырғаны тәуелділік, ал қазіргі қазақ қорлықтан құтылған қазақ, азат қазақ, тәуелсіз қазақ, әрі «мәңгілік ел» идеясымен қаруланып, тәуелсіздікті мәңгілік етуге күш салып жатқан қазақ. Бабалар арманына адалдық деген осы болар.

Елдің түкпір-түкпірінде ұлы мейрамды ұлықтаған шаралар өтті. Арқаның төрінде басталған ұлық мереке Алатаудың баурайында, Сыр бойында, Ертіс пен Жайықтың жағасында да жалғасты.

Тап осы елеулі күн қарсаңында елге еңбегі сіңген тұлғалар мақтау-марапатқа ие болады. Осы жұмада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар лауазымды қызметкер мен әр салада оза шапқан сайыпқырандарға Мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Ерен еңбектерімен елдің ілтипатына бөленген үш азаматқа «Қазақстанның Еңбек ері» атағын берді. Кімдердің бағы жанып, мерейі өсті?

Алдыңғы толқынның ерлігін қайталай қоймағанмен, аға буынның жолын қууды мұрат тұтқан жастар бар. Олар ұқсауға тырысып жүр.

Тұлғаны сомдау үшін тұлғаға айналу керек. Нұрлан Әлімжанов Елбасы рөлін ойдағыдай бере алды ма? Бағасын басты прототип өзі берді. Жас әртіс енді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Нұрлан Әлімжанов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

Халқыңа еңбек ету керек, тек марапат үшін емес, халқың үшін. Ал, енді бұл марапат мен үшін үлкен белес деп ойлаймын.

Тәуелсіздік елдің басты тұғыры десек, сол тұғырды бекем ететін – тұлға. Азат елдің өз батырлары, үлгі ететін өз ұландары бар. Олар қажыр-қайратын, еңбегін елдің игілігіне жұмсауда.

Сол үздіктерді үлгі ету өзгені осы іске ынталандыру үшін керек. Сондықтан, Президент тәуелсіз елдің тарландарына құрмет көрсетіп, мемлекеттік сыйлықтарды табыс етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттік сыйлық мемлекеттің өсіп-өркендеуіне өз үлесін жан аямай қосып жүрген азаматтарға беріледі. Сондықтан, жеке азаматтың ғана емес, тұтас елдің табысы деп санау керек. Бүгінгі бағындырған осы биіктеріңіз әрқашан сіздерге баянды болсын.

Ендеше марапаттың ең мәртебелісі қайсы? Бірі артық, бірі кем деу жөн бола қоймас. Бірақ, әр марапат бір төбе, арқалаған әртүрлі астары бар. Бірақ, көп үшін ерегі - еңбек ерлерінің елге бергені.

Даңқты кардиологтың жаңа атағына ешкім таласпас, кәсібіндегі қамшы салдырмас жүйрік - ол. Мұндай маман - әлемде саусақпен санарлық. Ол жүрген жерден өмірдің лебі есебі. Өйткені, дәрігер жүрек сыйлайды, иә жүрек орнына жүрек қоятын сыйқыршы.

Өткен жылдан бері елімізде науқастарға донордың жүрегі салына бастады. Юрий Пя жетекшілік ететін кардиохирургия орталығы 5 мың адамның өміріне араша түсті. Жүрекке екі мыңдай ашық операция жасалып, талай науқастың беті бері қарады.

Юрий Пя, Қазақстанның Еңбек ері:

Келер жылы халықаралық зерттеулерге қатысып, үшінші буынның жасанды жүрегін дайындауды қолға аламыз. Яғни, зерттеулерге біздің клиника да қатысады. Бұл тәжірибеге әлемнің тек бес елі ғана қатыстырылып отыр. Соның ішінде Қазақстан да бар деп мақтанышпен айта аламын.

Сыр диқандары биыл гектарынан 49 цертнер күріш жинады, ал Абзал Жұмашев басқаратын шаруашылық 77 центнер өнім алып, ақмаржанды шекарадан асырып, алысқа жөнелтіп жатыр.

Кезінде ақ күріштің атасы – Ыбырай екі мәрте Еңбек ері атанса, Қызылорданың тағы бір тумасы «Қазақстанның Еңбек ері» ерекше белгісін кеудесіне тақты, Елбасы риза болып, иығынан қақты.

1993 жылдан бері елімізде мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі ерекше еңбегі үшін азаматтардың бір ширегіне «Отан» ордені табыс етіліп келеді. Биыл бұл құрметке ие болған адам – екеу. Бірі – Халықаралық Бизнес университетінің президенті Кенжеғали Сағадиев, енді бірі - «Казатомөрнеркәсіп» ұлттық компаниясының төрағасы Владимир Школьник.

Аймақ басшыларынан Ақордаға жолы түскен Атырау және Алматы облыстарының әкімдері. Бірінде «Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені, бұл белгі тек Бақтықожа Ізмұхамбетовке ғана бұйырды. Енді бірінің төсінде «Құрмет» ордені жарқырайды.

Аңсар Мұсаханов, «Құрмет» орденінің иегері:

Бірінші марапатым. Бұл бүкіл Жетісу халқына берілген марапат деп есептеймін.

«Құрмет» орденін әкімдерден бөлек, тағы екі министр иемденді. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев пен Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың кеудесіне орденді Мемлекет басшысы өзі тақты. Ал, «Парасат» ордені Әлихан Бәйменов пен Бақытжан Сағынтаевқа тапсырылды. Кейде марапат пен тұлғаның бар болмысы сәйкесіп кететін сәттер болады.

Ақордаға арнайы шақырылғандардың қатарында тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, кәсіпкерлер, танымал қоғам қайтаркерлері, ғалымдар, өнер майталмандары болды. Олар көп ішінен суырылып алға шыққан, кейбірін әлдеқашан ел мойындап бағасын берген үздіктер.

Олардың еңбек жолында шаршау, қалжырау деген болмады. Керісінше көшті соңынан ертіп, елге абырой әперуге асықты. Өмірін де, өнерін де соған арнады, соны мұрат тұтады, ақысын бұлдамады.

Президенттің қолынан марапат алғандардың арасындағы ең жасы - 24 жастағы қайсар жігіт. Марапаттың көшін осы жастың түйіндеуі тегін емес. Медет Сасанов өзге үшін, тәуекелге басын тігіп, қаныпезер қасқөймен жалғыз арпалысқан өжет полицей. Президент оған – «Ерлігі үшін» медалін тақты.

Медет Сасанов, «Ерлігі үшін» медалінің иегері:

Елбасының қолынан мұндай марапатқа ие болу деген мен үшін асқан құрмет.

Айтпағымыз, арамызда жігерлі, еңбекқор, жанашыр жандар бар. Солардың биігіне ұмтылайық. Әрқайсымыздың Тәуелсіздік тойына жасаған сыйымыз сол болсын.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

http://kaztrk.kz/kaz/apta-kz/Tauelsiz_eldin_tarlandarina_kurmet_korsetildi_id1387122906.html


Тiзiмге қайтару