• Каз
  • Рус
  • Eng
08.12.2012

Қостанай облысы: Ұлт денсаулығы – табысты болашақтың негізі

Қазақстандық медицина саласының мүмкіндіктерін мейлінше молайту – мемлекет басшысы жүктеген басты міндеттің бірі. Адам капиталын арттыру аясында қазіргі таңда біздің де өңірімізде көптеген жұмыстар жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, облыстық кардиологиялық орталықта былтыр бір жарым мыңнан астам жоғары мамандандырылған ота жасалған. Мұндай мүмкіндікке отандық медицинаға жасалып отырған қамқорлықтың арқасында қол жеткізіп отырмыз, дейді дәрігерлер.

62 жастағы Петр Ефремов осыдан бір апта бұрын инсультпен кардиохирургиялық орталыққа түседі. Ақ халаттылар науқасқа кардиологиялық әдіс арқылы ота жасайды. Қазір оның жағдайы жақсы. Аяғынан тұрып, тәуір болып келеді, дейді дәрігерлер.

Петр Ефремов, емделуші:

Кенеттен инсульт болып, кардиохирургиялық орталыққа жатқызды. Дәрігерлерге рахмет. Қазір өзімді жақсы сезінемін.

Кардиохирургиялық орталықта интервенционалды кардиологиялық әдіс қолданылуда. Мұнда заманауи құрылғылар арқылы жүрек және тамырлардағы қан айналымының ренгені жасалып, аурудың өзегі іздестіріледі. Емдеу мекемесінің мамандары озық технологияның көмегімен былтыр бір жарым мыңнан астам адамға мамандандырылған ота жасады.

Сапарбек Саренов, Қостанай облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі:

Облыс аймағында бұған дейін жүрек және қан тамырларымен науқас жандар терапиялық әдіспен ғана емделетін. Бұл әдістің кейде дерті асқынғандарға пайдасы тимейді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының арқасында жаңа құрал-жабдықтар арқылы жүрек пен қан тамырларына дәлме-дәл диагностика және операция жасаудамыз.

Кардиохирургиялық орталықта ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалық көп. Жүректің қалыпты соғу ырғағы бұзылған науқастар Астана мен Алматыға жол тартпай-ақ, енді осында емделе алады.

Емдеу мекемесіне электрокардиореттегіш құрылғысы орнатылды. Жаңа жабдық жүрекке орнатылған жағдайда, ол денедегі бас мүшенің қалыпты соғуын қадағалап, кәдімгі батарея рөлін атқарады. Оның жарамдылық мерзімі 5-6 жылды құрайды.

Дмитрий Лобков Қостанай облыстық ауруханасының Кардиологиялық бөлімше меңгерушісі:

Оның қуаты біткен жағдайда қайтадан операция жасалып, ауыстырылады. Операция уақыты күрделілігіне қарай шамамен 1-2 сағатқа созылады. Жаңа техника инсульт және инфаркт ауруларының алдын алуға үлкен септігін тигізбек.

Мекеме қызметкерлері республиканың басқа аймағындағы әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, жыл сайын емдеудің осындай тың тәсілдерін меңгеруге талпынуда.

Инара БАРСАҚБАЕВА

http://kaztrk.kz/kaz/regional_News/Kostanaj_oblisi__Ult_densauligi__tabisti_bolashaktin_negizi_id1390739847.html


Тiзiмге қайтару