• Каз
  • Рус
  • Eng
07.12.2013

Юрий ПЯ:«Адамға өмір сыйлау – шын бақыт»

Оның атағынан ат үріккендей. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Жылдың үздік дәрігері»... Дегенмен, оның еңбегін бағалау, мойнына алған жауапкершілік жүгін салмақтау үшін осы сияқты атақ-даңқына қатысты атауларды тізбелемей-ақ, Доктор Пя десек те жетіп жатыр. Бүгінде оның есімінің медицинаның басым бағыттарының бірі – кардио­хирургиямен қатар аталуы үйреншікті жағдайға айналып барады. Кардиохирургия десек, ең алдымен ойға Юрий Владимирович Пя оралатыны анық.

– Юрий Владимирович, біз сізбен бірінші рет кездесіп отыр­ған жоқпыз. Осындай сыр-сұх­баттардың барысында Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық ор­талықтың Орталық Азия айма­ғындағы қызметі әлемдік сапа стандарттарына сай көш­бас­таушы ұйымға айналып келе жатқанын мақтанышпен айт­қан едіңіз. Соңғы оқиғалар сіз басқаратын ұжымның таны­мал­дылығы басқа құрлықтарда да өсе түскеніне көз жеткізіп отырған сияқты ма, қалай?

– Ол рас. Осыдан біраз бұрын біз Түрік Республикасының кар­диохирургтерімен өзара ынты­мақтастық туралы келісімге отыр­дық. Ал оған дейін литва­лық, израильдік, чехиялық, қырғыз­стан­дық және америкалық әріп­тестерімізбен де осындай меморандумға қол қойған болатынбыз. Бұл бізге не береді дегенге келсек, біріншіден, меморандумға қол қойған емдеу мекемелері бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыта отырып, заманауи технологияларды қолдану саласында тәжірибе алмаса алады. Сол сияқты, ғылыми семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, медицина және басқару персоналының біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар жүгін де көп болып көтеру мүмкіндігі молайып отыр.

– Осы тұрғыдан алғанда қа­зақ­­стандық тәжірибе басқа­лар­дың қызығушылығын туғы­за­тындай дәрежеге жетті деп айта аламыз ба?

– Үстіміздегі жылы біз рес­публика Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің қолдауымен «Инте­гра­ция арқылы – табысқа» деген тақырыпта кардиохирургтердің екінші ұлттық конгресін өткіздік. Оған 18 елден осы саланың көрнекті өкілдері қатысты. Конгрес бағдарламасына сәйкес 8 шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Жалпы айтқанда, конгрес кардио­хирургияда заманауи технологияларды қолданудың неғұрлым перс­пективалы, тиімді бағыттарын анықтауға, кардиохирургияны дамытуда стратегиялық шешімдер қабылдауға жол ашты деуге толық негіз бар.

Осы конгреске қатысқан Техас Жүрек институтының директоры Оскар Фрейзер тілшілерге берген сұхбатында былай деді: «Сіздердің кардиохирургиялық орталықтарыңыздың жағдайы мені таңғалдырды. Мамандарыңыз заманауи жабдықтарды жақсы меңгеріп алған. Мен өзім де бірнеше отаға қатыстым. Бәрі ойдағыдай өтті. Мен Қазақстанда мұндай деңгейге кездесемін деп ойлаған жоқ едім. Сіздер кейбір Еуропа елдерінен де озып кетіпсіздер».

Шетелдік маманның мұндай бағасы біз үшін аса қымбат. Өйт­кені, доктор Фрейзер көп кар­дио­хирургтің бірі емес, созылмалы жүрек талмасының ауыр түр­лерін ота жасау арқылы емдеудің көшбасында жүрген, есімі әлемге танымал дәрігер. Бүгінде ол басқаратын жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу институты жүрек алмастыру мен қан айналымын механикалық жолмен қолдау жөнінен әлемдегі ең үздік емдеу мекемелерінің бірінен саналады. Ал О.Фрейзердің өзі болса, осы уақытқа дейін 1200-ден астам адамның жүрегін алмастырған нағыз майталман.

– Жүрек алмастыру демекші, жақында сіздер де осындай отаны сәтті өткіздіңіздер ғой.

– Иә, бұл – біз жасаған осындай екінші ота. Ол Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының, Санитарлық авиацияның рес­публикалық орталығының және Алматы қаласындағы бірқатар кли­ни­калардың үйлесімді қызметінің нәтижесінде мүмкін болды. Үсті­міздегі жылғы қарашаның 6-сы күні Ұлттық ғылыми кардио­хи­рур­гиялық орталықтың трансплантация жөніндегі бюросына Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасынан миына зақым келген сырқаттың қайтыс болғаны ту­ралы хабар түсті. Қайтыс бол­ған кісінің жақын туыс­тары оның органдарын басқа адамға транс­план­тациялауға келісімдерін берді. Біз жедел жолға шықтық. Сөйтіп, келесі күні донордың жүрегін Астанаға жеткіздік.

Бұл арада біз мына бір жайды ерекше атап көрсетуіміз керек. Донор жүрегі Астанаға Америка Құрама Штаттарынан сатып алынған OrganCareSystem деп аталатын заманауи жабдықпен жеткізілді. Бұған дейін бұл жүйе әлемнің үш жетекші клиникасында – АҚШ-та, Австралия мен Германияда қолданылып келсе, енді олардың қатарына Қазақстан да қо­сылды. Кең-байтақ жері бар, көптеген аймақтары әкімшілік орта­лықтардан шалғай жатқан Қазақ­стан үшін мұндай ғажайып қон­дыр­ғыны пайдаланудың маңызы зор.

– Жаңа өзіңіз де америкалық дәрігердің Ұлттық ғылыми кар­диохирургиялық орталықтың бүгінгі жай-күйіне таңданыс біл­діргенін айттыңыз. Әрине, мұның бәрі бір жылда атқарылған, өзі­нен өзі орнына келе қалған жұмыстар емес қой. Осы арада сәл шегініс жасасақ...

– Соңғы жылдары Қазақстан­да кардиохирургия саласында­ революция жасалды деуге болады. Астаналық клиниканың Халықаралық зерттеу бағдарла­масына қосылуы да осының дәлелі. Шыны сол, мұның бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы, сол кісі жүргізіп отырған сындарлы саясаттың жемісі. Олай дейтінім, біздің ісімізге Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша жасалған кардиохирургия саласын дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы тың серпін берді.

ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап бүкіл әлемді шарпыған жүрек-қан тамырлары аурулары біздің елімізде де жылдан-жылға өршіп келеді. Медициналық деректер бойынша, жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан жыл сайын әлемде 15 миллиондай адам өмірмен қош айтысса, Қазақстанда да өлім-жітім бойынша жүрек аурулары бірінші орында тұр.

Жағдайды жақсарту үшін жыл сайын жүрекке кем дегенде 15-16 мың ота жасалуға тиіс. Ол үшін, әрине, жақсы база, білікті дә­рігерлер, қаржы, бір сөзбен айт­қанда, кардиохирургия саласына шынайы қамқорлық қажет. Осыған байланысты Елбасы батыл шешім қабылдады. Қазір кар­диохирургиялық орталықтар Астанада ғана емес, облыстарда да салынуда. Міне, осылай қазақ­стандық кардиохирургтердің арманы жүзеге асып, қазір әлемде қолданылатын барлық жоғары технологиялар отандастарымыздың игілігіне айналып отыр.

Қазіргі орталық барлық ха­лықаралық стандарттарға сай деп нық сеніммен айтуға болады. Мұнда бір мезгілде 180 адам ем алады, 6 ота жасау блогы бар. Мұның өзі жыл сайын жүрекке 3000 ашық ота жасауға, сол сияқты, кеуде клеткаларын кеспей-ақ жүрек тамырларының қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін шаралар қолдануға жол ашып отыр. Қолданыстағы жабдықтардың бәрі – еуропалық өндірушілердің өнімдері.

– Қазір елде медицина қыз­меткерлерін даярлайтын жо­ғары оқу орындары аз емес. Соның өзінде көптеген ай­мақ­тар­­да дәрігерлер жетіспейді. Аме­рикада, Еуропа елдерінде кар­­диохирургия саласының мамандарын даярлауға орта есеппен он жыл кетеді екен. Сіздер осы мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

Орталықта осы саланың ең үздік мамандары шоғырланған. Олардың көпшілігі АҚШ, Гер­мания, Израиль, Түр­кия, Литва, Ресей және Бело­руссияның жетекші клиникаларында оқыған.

Біздің дәрігерлеріміз жиі-жиі шетелдерге шығып, өздерінің біліктіліктерін арттырып отырады. Сол сияқты, соңғы кезде біздің орталыққа шетелдік әріптестеріміз де жиі атбасын бұратын болды. Олар мұнда тәжірибе алмасумен­ бірге, шеберлік сыныптарын өткізе­ді, бірлескен оталарға қатысады.

– Шетелдерде трансплантация жасату өте қымбат еке­нін білеміз. Оны қара­пайым адамдардың қалтасы көтере бермейді. Ал өз елімізде бұл ота­лардың қолжетімділігі қам­тамасыз етілген және тегін жасалады. Соның өзінде әзірше екі-ақ адамның жүрегі алмастырылды. Бұл аз емес пе? Жаңа өзі­ңіз америкалық бір хирургтің өзі мыңнан астам адамға өмір сый­лағанын айттыңыз ғой.

Қазіргі таңда Қазақстанда өмірі тікелей донор ағзаларына тәуелді 5 мыңға жуық адам есепте тұр. Ең қиыны донор мәселесі еді, қазір бұл орайда ілгерілеушілік бар. Рас, қайтыс болған туыстарының органдарын басқа адамның өмірін сақтап қалуға пайдалануға екінің бірі келісе қоймайды. Сол сияқты, әзірше жүрегін алмастыруға тәуекел етушілер де көп емес. Кезінде Жәнібек Оспанов та бірден келісе қойған жоқ-ты.

– Айтпақшы, елімізде бірінші болып жүрегін ауыстырған Жәнібек Оспановтың жағдайы қалай? Әлі де сіздердің бақылау­ларыңызда шығар?

Жәнібектің жағдайы жаман емес, қазір осы аурухананың ста­тис­тика және пациенттер қозғалысы бөлімінде істейді. Сырт­тай оқуға түсті. Болашақта психолог мамандығын алып шықпақ.

– Юрий Владимирович, соңғы жылдары еліміздегі кардиохирургия саласының күрт өзгергені айдан анық. Қазір Астана мен Алматыны былай қойғанда, аймақтарда да жүрекке күрделі оталар жасала бастады. Облыстармен сіздердің қандай байланыстарыңыз бар?

– Соңғы уақыттарда еліміздің таңдаулы кардиохирургтері мен кардиологтарының өңірлерге шығып тұруы дәстүрге айналды. Мұндай сапарлардың барысында біздің мамандарымыз жергілікті жерлердегі сырқаттарды қабылдайды. Аймақтағы әріптес­тер­мен шеберлік сыныптарын өткізіп, оталарға қатысады. Осы таяуда ғана біздің дәрігерлеріміз Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында болып қайтты. Мәселен, Қостанай облысында болған №1 кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Тимур Лесбеков бастаған дәрігер­лер жүрегі ауыратын 70 адамды қабылдап, оларға тиісті ақыл-кеңестер берді.

Мен өзім де бір топ әріптес­теріммен бірге Маңғыстау облысында болдым. Онда біз 40 шақ­ты сырқатты қабылдап, 3 адам­ға ота жасадық, жергілікті әріп­тестерімізбен шеберлік сыныптарын өткіздік.

– Өмір бір орында тұрмайды ғой, сіздер де қол жеткенге тоқ­мейілсіп отырмаған боларсыздар?

– Иә, қазіргі жағдайды осыдан бір-екі жыл бұрынғымен мүлде салыстыруға болмайды, айырмашылық жер мен көк­тей. Орталықта ROC Safe жүйесін қолдану арқылы кардио­хи­рур­гиялық оталарды жүргізу технологиясы енгізілді. Бұл емделушілер үшін жаңа, тиімді және қауіпсіз технология саналады. Осы жүйені қолдана отырып ота жасалғанда уақытша жасанды вентиляция қысқарты­лып, отадан кейінгі қанның азаюы (мерцат аритмиясы және қан кету) салдарынан ота кезінде және одан кейінгі уақытта қан құю қажеттілігі төмендейді. Аортокоронарлық шунттеу және жүрек клапандарын протездеу барысында жүрек ырғағының бұзылуы бар сырқаттарды емдеу­де Cardioblate жүйесінің интра­операциондық радиожиілікті аб­ла­циясы – инновациялық технология­ларымен оталар жасала бастады. Бұдан басқа, эндоваску­ляр­лық хирургтермен бірлесе отыра, пациенттерге қиын гибридті оталар жасалуда. Орталықтың тағы бір жетістігі – жүрекке ашық операция жасау барысында экстракорпоральды мембранды оксигенация әдісі енгізілді. Сөйтіп, дем алысы қиындаған жандарға ота жасау барысында егу арқылы қанына оттегі толтырылатын болды. Сондай-ақ, интервенциялық кардиология дәрі­герлерінің бастамасымен туа біткен жүрек ақауы бар науқастардың жүрек қарынша­сын­дағы «көпірдің» ақауын тран­с­­катетер арқылы жабуға арналған технология енгізілді. Қазақстанда алғаш рет бір жас­қа дейінгі балаларға, туабітті жүрек ақауы бар сәбилерге, сонымен қатар, бір ғана қарыншасы бар жүректерге жоғары техноло­гиялық, көпсатылы кардиохирур­гиялық оталар жасалуда.

Болашақта жүрегінде ақауы бар науқастарға жүрек трансплантация­сы бойынша оталар, жүрек клапанында ақауы бар науқас­тарға аорталды клапанды тері арқылы протездеу, артериалды гипертензия терапиясына интервен­циялық емдеу, жүректе аз инва­зивті эндоскопиялық оталар, аритмиясы бар балаларға жоғары ма­ман­дандырылған көмек көрсету, аз инвазивті эндоваскулярлы араласулар жоспарлануда.

Орталық­та жүрек ырғағының бұзылуы, жүректің кенеттен тоқтап қалуының генети­калық үрдістері туралы ғылыми-техникалық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Осы жобаның жүзеге асырылуы жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары мерцат аритмиясы бар адам­дардың жүрек ырғағы бұзылуы­ның даму механизмі мен себеп­терін анықтауға мүмкіндік береді және диагностикасының жаңа әдістерін әзірлеуге көмектеседі.

– Әңгімеңізге рахмет. Істері­ңіз­ге сәттілік тілейміз.

Әңгімелескен

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».


http://www.egemen.kz/kz/basty-ma-alalar-2/30132-yurij-pya-adam-a-mir-syjlau-shyn-ba-yt


Тiзiмге қайтару