• Каз
  • Рус
  • Eng

Дүниежүзілік кардиоваскулярлық және торакальдық хирургтар қауымдастырығының 27-ші «WSCTS 2017» конгресі

14.09.2017

Міне, осымен медицинадағы жылдың басты жаңалығы – Дүниежүзілік кардиоваскулярлық және торакальдық хирургтар қауымдастырығының 27-ші «WSCTS 2017» конгресі аяқталды.

Мұны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ ұйымдастырды.

Бұл елеулі оқиғаны ұзақ күттік және 2014 жылдан бері мұқият дайындалдық. Осы уақыт аралығында әлеуметтік өмірге де, ғылым мен денсаулық сақтау саласына қозғау болған үлкен өзгерістер орын алды. Осы үдерістер конгрестің ғылыми бағдарламасында көрініс тапты.

Тәуелсіздік сарайы шаңырағының астына әлемнің 50 елінен 1500-ден астам кәсіби маман жиналды.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конгресс қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқыды. Онда халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау саласының дамуы еліміздің басты басымдылықтарының бірі екені айтылған.

Қазақстанның астанасына WSCTS 2017 конгресіне әлемге аты әйгілі кардиохирургтар, ғалымдар, денсаулық сақтау саласын ұйымдастырушылар, отандық және шетелдік сарапшылар және медицина қызметкерлері келді.

Конгресс кардиоваскулярлық және торакальдық хирургия саласындағы жетістіктер мен саланың даму перспективасын талқылау, тәжірибе алмасу және халықаралық байланысты нығайту мақсатында әлемнің жетекші ғалымдары мен мамандарының басын біріктірді.

Конгрестің ғылыми бағдарламасында туа біткен және жүре пайда болған жүрек талмасын, жүректің ишемиялық ауруы хирургиясын, балалар кардиохирургиясы мен интервенциялық кардиохирургияға қатысты сұрақтар, жүрек-қантамырлары ауруларын емдеуде гибридтік технологияларды пайдалануды қамтитын көптеген мәселелер, сонымен қатар жүрек трансплантациясының өзекті мәселелері талқыланды. Әлемге аты әйгілі жетекші кардиохирургтар шеберлік сағаттарын өткізді. Үш күн ішінде Stuart Jamieson, Dembitsky Walter, Paul Sergant, Jan Pirk және т.б. секілді аты танымал жетекші ғалымдар сөз сөйледі.

Жүрек орталығы үшін бұл – маңызды оқиға, себебі бұл дегеніміз тек кәсіби саланы емес, елді де мойындау болып табылады. Осындай іс-шараны ТМД елдері кеңістігі арасында алғаш болып Қазақстанда өткізілгеніне мақтанамыз.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Үкімет елдегі кардиологияны және кардиохирургияны дамыту бағдарламасын 2007-2009 жж. қабылдаған. Бағдарлама сәтті жүзеге асырылды. Оның айқын дәлелі – білімі мен кәсіби шеберлігін адамзат денсаулығына жұмсауға әзір жетекші мамандарды жинаған дүниежүзілік конгресс.

Бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Жүрек орталығын Дүниежүзілік кардиоваскулярлық және торакальдық хирургтар қауымдастырығының 27-ші конгресін өткізуімен құттықтап, іс-шараның аса маңызды екенін атап өтті. 27-ші конгресс осы іс-шараны өткізу тарихында үздік болып танылғанын айта өткен жөн.



















Тiзiмге қайтару