• Каз
  • Рус
  • Eng

Сабыр Оспановтың алғысы

КАРДИОХИРУРГ

Қазақстанға кардиохирургиялық қызметті ұйымдастыру үшін Түркияда жүрген Қазақстандық (Жамбыл облысында дүниеге келген) кардиохирург Юрий Владимирұлы Пя 2003 жылы шақырылды. Жаңадан құрылған орталық оның басшылығымен жұмысын сәтті бастады – деп теледидардан айтты, және оны мақтады.
Жас кезімнен ревматизммен ауырып, жүрегімді нашарлатып алған маған осы дәрігерге, Юрий Владимирұлына жету мақсатым да, арманым да болды.
Юрий Владимирұлы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың кардиохирургиялық клиникасын басқарған шағында «порталмен» (мемлекет көмегімен) жүрекке ота жасатуға кезек алып, Астанаға бардым. Бұл тұста Юрий Владимирұлы Қазақстанның барлық облыстарында кардиологиялық орталықтар ашу үшін негізінен оталарды шәкәрттеріне жасатып, өзі басы-қасында болып тұрған кезі екен.
Сол кездері Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданынан Парламент Мәжілісінің депутаты болған, елдің өтінішін жерге тастамайтын азамат Шалатай Мырзахметовтің көмегінің арқасында отаны Юрий Владимирұлы Пяның тікелей өзінің жасауына келісімін алдым. Бұл 21.04.2008 жыл еді.
Осы орталықта мені отаға дайындады. Отаға дайындаған медбикеден:
-    Қашаннан бері осында жұмыс істейсіз? – дедім.
-    Орталық жұмысын бастағаннан.
-    Бұл жұмысқа қалай кірдіңіз? – дедім.
-    Тест арқылы, мұндағы дәрігерлер, медбикелер барлығы тек тест арқылы қабылданды – деді.
-    Ота жасаған күнде Юрий Владимирұлы Пяға қандай адамгершілік жасауға болады? – дедім.
-    Тек қана «Рахмет!» Абайланыз, Юрий Владимирұлына ақша яки басқа сыйлық ұсынсаңыз өкпелетіп аласыз. Ол кісіні өкпелету, ренжіту біздің коллективтің бәріне ауыр. Юрий Владимирұлы өте нәзік жанды адам. Біреуге дауыс көтергенін көрген емеспін. Барынша әділ.
Сонымен ота сәтті шықты. Келесі күні таңертең, ерте жан сақтау бөлімінен палатаға шығарды.
Сағат таңғы 7-лерде, екі кісінің аяқ басысын есітіп, байлауыштан тартылып, басымды көтердім. Юрий Владимирұлы Пя мен емдеуші дәрігер Владислав Борисұлы Ачкасов екен. Мен:
-    Юрий Владимирұлы, сізге Рахмет! – дегенімде
-    Пожалуйста! Пожалуйста! Пожалуйста! Деп теңселіп тұрды.
Адамға жасаған жақсылығынан бақытқа бөленіп, рахаттанып, жаны жәй тауып, ләззатқа шомып тұрғанын мен сездім және көрдім. Бұл маған өмір сыйлаған адамның өміріндегі ең бақытты сәттерінің бірі шығар. Юрий Владимирұлының мұндай бақытты сәті қазір 5000-нан асып, әлемдегі ең таңдаулы 20 кардиохирургтің біріне айналып отыр.
-    Жүрек қалай? – деді Юрий Владимирұлы.
-    Сағатша соғып тұр, - дедім.
-    Егер жақсы күтсеңіз, ұзақ соғады, сізге немістің механикалық клапаны салынды. Ол өте сапалы, «Cardiomedics 25» - деді.
-    Не ішіп, не жеймін, - дедім мен.
-    Жүрек майды ұнатпайды, сосын тілге еге болу керек. Біреуге ауыр сөз айтсаңыз, ол да сізді ренжітеді. Бұл жүрекке қатты соққы-деді.
Медицина ғылымдарының докторы Юрий Владимирұлы Пя 2012 жылы тамызда Қазақстан тарихында тұнғыш рет Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта жүрек жеткіліксіздігі бар пациентке донордың жүрегін трансплантациалауды жасады, яғни жүрек ауыстырды. Қазақстанда жасалған мұндай оталардың саны қазір 57-ден асты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен Юрий Владимирұлы Пяның кеудесіне Еңбек Ері Алтын жұлдызын таққанда «Міне, Еңбек бағаланды, міне әділдік,» - деп Алтын жұлдызды менің кеудеме таққандай қуандым.
Теледидардан Юрий Владимирұлы көріне қалса,
-    Ата, сіздің жүрегіңіз сөйлеп тұр, - деп қуана жүгіріп келіп баяндайды кішкене немерем Іңкәр. Юрий Владимирұлы Пя біздің үйдің бір мүшесі сияқты болып кетті.
Юрий Владимирұлы Пя Мәскеу мемлекеттік медицина институтын бітірді. Еңбек жолын Тула қалалық ауруханасында бастады. Кейін Фрунзе (Бішкек) қаласында, (1985-1994ж) Қырғыз Республикасының Денсаулық Сақтау Министірлігі жанындағы ұлттық кордиология және терапия орталығында кордиохирург болып жұмыс істеді. Одақ тараған соң Түкияға қоныс аударып, Қазақстанға сол жерден шақыртылды.
Қазір 60 жастағы Юрий Владимирұлы Пяның кемел шағы. Кордиохирург әдеттегі режимде демалыссыз күнінде 2-3 ота жасайды.
Профессор Юрий Владимирұлы Пя Ұлттық ғылыми кордиохирургиялық орталық басқармасының төрағасы. Қазақстанның облыс орталықтарында ота жасайтын кардиохирургтер негізінен Юрий Владимирұлының шәкіттері, оның тәжрибесінен өткендер.
Менің  тамаша шәкірттерім бар, менен кем ота жасамайды, -дейді Юрий Владимирұлы шәкірттеріне сенім арта.
Юрий Владимирұлы Пяның арманы – Қазақстан  халқының орташа өмір сүру жасының ұзақтығын әлемнің алдыңғы қатарлы халықтарының өмір сүру деңгейіне жеткізу.
Юрий Владимирұлына кәсібіне береке дарысын!
Арманыңа жете бер деп тілек тілеймін!
                                                                              
Сабыр Оспанов, зейнеткер, Түркістан қаласы.
8 701 560 80 25


Тiзiмге қайтару